Күріш суда өседі...

Күріш суда өседі...


Күріш бас көрсеткеннен кейін 4-5 күнде гүл төгеді.

Күріштің гүлін төгу ертеңгі сағат 7-9-да басталып, кешкі сағат 4-5-ке дейін созылады. Гүлдері жаппай төгілетін кезі ертеңгі сағат 10 мен күндізгі сағат 2-нің арасы. Күріштің гүлдеуі масақтың ұшынан басталады да, ол 7-11 күнге созылады. Күріш гүлденген кезде күннің ыстық, әрі ашық, желсіз болғаны жақсы. Салқын, бұлтты күндері күріш гүлі ашылмайды.

Гүлдеу кезінде жылылық 28-32 градус, ауаның ылғалдығы 70-80 пайыз шамасында болған дұрыс. Еге ауа құрғақ болып, жылылық 28 градустан асса, дән байлау нашарлайды. Ауаның құрғақшылығы 35 пайыздан асса гүлдеу тоқтап қалады. Аңызақ ыстық күріш дәнінің жалпы пішінін бұзады, кейде ақ ұшыққа айналдырады. Күріштің сабағы дән піскеннен кейін де тіршілігін тоқтатпайды. Сондықтан да күріш дәнін жинау дәннің пісу дәрежесіне қарай басталады.

Күріштің өсіп-өнуіне, оның өнімді болуына судың әсері орасан зор. Күріш топырағының ылғалды болуы – капиллярлы толық дәрежесінде жетілуі негізгі шарт.

Су – күріш қоректенетін заттарды ерітіп береді. Ол ерітіндінің концентрациясы аздау болғаны жөн. Сонымен қатар, топырақ бетінде су күрішке жамылған міндетін де атқарады, түнгі салқында бүркеніш болады.

Әр гектардың барлық органикалық массасы 14 тоннаға жақындайды. Бұл мөлшердегі массаны жасау үшін нақты 10,5 шаршы метр су керек. Күріштің шашақ шығаруы мен сүттеніп пісуінің арасында егінді аса ұқыптылықпен суарған жөн. Ал, өсімдік бас шығарғаннан кейін 5 аптаға дейін оны суару ережесін қатаң сақтау керек.

Шөлейт аймақтарда ыстық, құрғақ ауа өсімдіктің гүлденуіне қатты зиян келтіреді. Ауаның құрғақтығын мол сумен ғана өтеуге болады.

Сонымен қатар, күріш ауа райының жылы болғанын қатты қалайды. Күріштің тұқымы өзінің өне бастауы үшін жылылықты басқа дақылдардан анағұрлым артығырақ керек етеді.

Жылылық жеткіліксіз болса, себілген күріштің шығымы нашарлайды, өсуі баяулайды, топырақтағы суда еритін қоректік заттар аз пайдаланылады. Жылылық төмен болса күріштің пісуі де кешеуілдейді, дәні толық толыспай, сапасын төмендетеді.

Дән ұзақ сақтауға төзімсіз болады. Өсіп-өнетін кезеңде температура 20 градустан төмен болса күріш өсімдігінің тіршілігі тоқтайды. Ал, осы кезде аңызақ соқса, күріш қылтығы қаурыт өсе бастайды. Дақыл өнімі үшін бұл да пайдалы емес.

Күріш – күннің ашық, сәулелі, шуақты болуын сүйетін дақыл. Күн сәулесі тікелей түскен кезде күріштің жапырағы сәулені дұрысырақ пайдаланады. Шуақ күшейсе тыныстауы да жақсарады. Ал жарық аз болып, жылылық ойдағыдай болса, күріш өсімдігі оттегі тапшылығына ұшырайды.

Бұлытты, қапырық күндері күріштің өсуі баяулайды. Күріштің топырақтығы қоректі заттарды сіңіру қабілеті күшті. Топырақтың құрамындағы майда бөлшектері көбейсе, яғни ақ лайдан пайда болған заттар мол болса күріш оны жақсы сіңіреді. Сондықтан басқа дақылдарға жарамсыз кейбір жерлер күріштікке пайдаланылады.

Егер  күрішті дұрыстап сеуіп, оны дер кезінде суарып отырса, топырақтың тұздылығы үш пайыздан асқан жағдайда да ойдағыдай өнім береді. Күріштің тұздылыққа шыдамдылығы оның сорты мен топырақтағы тұздың түріне байланысты болады. Күріш егістігіне құмы көп топырақ жарамсыз болады. Мұндай топырақ әсіресе су шығынын көбейтіп жібереді.

 

Әнес Алтынбеков

«Дән қадірі» кітабынан