Жексенбай Дүйсебаев: Дизель отынының бағасын тағы да 25-30 пайызға төмендету қажет

Жексенбай Дүйсебаев: Дизель отынының бағасын тағы да 25-30 пайызға төмендету қажет


Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көктемгі егістік жұмыстарына арналған дизель отының бағасының тағы да 25-30 пайызға төмендету қажет. Мұндай ұсыныс Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері атынан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолданған депутаттық сауалда айтылды.
 
«Біздің депуаттық сауалымыз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көктемгі егістік жұмыстары қарсаңында жанар-жағармай материалдары, атап айтқанда дизель отыны бағасының жыл сайын  өсуіне қатысты болып отыр. Мәселен, 2015 жылы дизель отынының құны литріне 82 теңгені, 2016 жылы 95,4 теңгені, 2017 жылы 140,7 теңгені, ал  2018 жылы 156 теңгені құрады. Немесе 2015 жылдан бері баға 1,9 есе өскен. Мысалы мұндай жағдай Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің едәуір қымбаттауына соқтырып, осы өңірлердегі көптеген ауыл шаруашылығы  өнімдерін өндірушілердің қаржылық жағдайын қиындата түсті», - деді Мәжілістің жалпы отырысында әріптестерінің атынан депутаттық сауалды оқыған Жексенбай Қартабайұлы Дүйсебаев.
 
Бұған ауыл шаруашылығы өнімдеріне жанар-жағармай  материалдарының жұмсалатын шығындарының үлесі 25 пайызға дейін жетуі себеп болып отыр. «Мұндай жағдай еліміздің басқа  өңірлерінде де орын алып отыр. Атап айтқанда, қалыптасқан жағдай іс жүзінде ауыл  шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге  қабілеттілігін төмендетуде. Дегенмен ағымдағы жылы Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын  жүргізу  үшін дизель отынының бағасын  өндірілетін зауыттан алғанда 1 литріне 130 теңге белгілеген. Ал өңірлерге жеткізілуін ескерсек, бұл баға орташа есеппен 150 теңгеге дейін көтеріледі. Алайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге агротехникалық іс-шараларды уақытылы жүргізу, тұтастай алғанда ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін  арттыру үшін бұл баға тиімсіз екендігі белгілі. Осыған байланысты белгіленген дизель отынының бағасын қайта қарап және оны 25-30  пайызға дейін төмендету туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз»,  - деді Жексенбай Дүйсебаев.