Жасыл қарақұмық өндіретін цех жұмысы 2019 жылы басталады

Жасыл қарақұмық өндіретін цех жұмысы 2019 жылы басталады


Цех Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Тоғызақ аулында орналасқан.

Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы  Тоғызақ ауылында жоғары сұрыпты қарақұмық жармасын өндіру цехының құрылысы келесі жылы аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
Жалпы, жоба құны - 670 млн теңге. Нәтижесінде 28 тұрақты жұмыс орны ашылады.
 
Цех директоры Гүлза Сәрсекеева:«Құрылғылар украиналық «Агро-Симо-Машбуд» ғылыми-өндірістік бірлестігі мен «ОЛИС» қоғамдық ұйымынан алынады. Қостанайға 3 айдан соң жеткізіледі»,-деп мәлімдеді. 
 
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құрылыс-монтаждау жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды. «Бұл инвестициялық жоба 2015 жылы қолға алынды. Құрылыс қарқыны бірқалыпты жүріп жатыр. Бірақ, цехты 2019 жылы іске қосыңыздар. Биыл аяқтап үлгіре алмайсыздар. Асығыстық танытудың қажеті жоқ. Кейін бір олқылығы табылуы мүмкін. Цех жылына 2000 тонна жоғары сұрыпты қарақұмық жармасын өндіруге қауқарлы. Сондықтан жоба жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Жұмыс барысын қадағалауды облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тапсырамын», - деді өңір басшысы. 
 
Жоғары сұрыпты қарақұмық жармасын өндіретін цех шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Себебі, мұнда жасыл қарақұмық өндіріледі. Мамандардың айтуынша, жасыл қарақұмық шетелге бірінші рет экспортталады. Сондай-ақ, қарақұмықтың бұл түрі ең пайдалы дәнді дақылдар санатына кіреді. Әсіресе, Жапония, Украина елдерінде сұраныс мол.