Түйе сүтін өндіруді ең жақсы меңгерген халық

Түйе сүтін өндіруді ең жақсы меңгерген халық


Қазақстандық шаруаларды кәсіпке оқыту және үйрету ісімен шұғылданатын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Біліктілік орталығының шақыруымен келіп, елімізде жұмыс істеп жатқан БҰҰ Азық-түлік ұйымында қызмет ететін неміс сарапшысы Марио Юнанмен жолығып, әңгімелескен едік. Ол әлем елдеріндегі түйе шаруашылықтарының даму жағдайын зерттеп жүр екен.

– Марио Юнан мырза, әлемде қанша ел түйе өсіру ісімен айналысады? 
– Әлемде 48 мемлекет түйе өсіреді. Соның ішінде Африкадағы бірқатар мемлекеттер мен араб елдері осы іспен көбірек шұғылданады. 
– Олардағы түйе шаруашылықтарының жағдайы қалай? Біздің Қазақстанға қарағанда қандай артықшылықтары бар? 
 
– Жалпы, бәлендей артықшы­лықтары бар деп айтуға келе қоймайды. Дегенмен түйені қай ел көп өсіреді десеңіз, ол ел – Сомали.
Бүкіл әлемдегі түйелердің үштен бір бөлігі осы елде шоғырланған. Ал түйе етін өндіру көлемі жағынан алғанда, тағы осы Сомали мен Эфиопия алда келеді. Ал Қазақстанға келетін болсақ, сіздің елде де мақтан тұтып айтуға болатын жайттар бар. Мәселен, мен түйе сүтін өндіру мен одан пайда алудан басқа елдерге қарағанда Қазақстан көш ілгері тұр деп есептеймін. Қазақтар түйе сүтінен шұбат өндіруді өте жақсы меңгерген. Шұбаттың адам денсаулығына пайдасының мол екендігі қазір дәлелдену үстінде.
 
Оның үстіне қазақтар шұбат артылып қалса, одан құрт жасайды. Қысқасын айтқанда, түйе сүтін рәсуә етпей, толық пайдаланудың барлық амал-тәсілдерін жақсы меңгерген.  Шынын айтайын, мен түйе өсіретін әлемнің бірқатар елдерінде болып, олардың шаруашылық жүргізу, өнім өндіру тәсілдерімен танысқаныммен, түйе сүтін осылайша толық пайдаланып, түгелдей кәдеге жарататын Қазақстаннан басқа елді көрмедім.
 
– Ал енді түйе өсіру, оның өнімділігін арттыру жөнінен бізге қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз? 
– Түйені өсіру және бағу тәсілдері жөнінен қазақтарға бірдеме үйрету қиын болар. Өйткені олар өздері орналасқан өңірдің табиғи жағдайымен менен гөрі жақсы таныс және осы ортада жүздеген, мыңдаған жылдардан бері түйе шаруашылығымен шұғылданып келеді ғой.
 
Дегенмен заманның өзгерісі, барған сайын алға кетіп бара жатқан ғылым мен техника және жаңа технологиялық жаңалықтар түйе өсіру ісіне де жаңа қырынан қарауды қажет ететіндей. Сөз жоқ, түйе ең төзімді түлік түрі болып табылады. Ыстық пен суыққа және шөлге өте шыдамды. Бірақ солай екен деп оның күтіміне бей-жай қарауға болмайды. Мәселен, сіздің елде түйені қосымша жемдеу ­мәселесіне оншама мән беріл­мейді екен. Түйені, әсіресе, қыс кезінде қосымша жемдесе, оның өнімділігі арта түскен болар еді. Тағы бір байқағаным, түйе өсіретін шаруашылықтар бірігіп тірлік құру мәселесіне әлі күнге көңіл бөлмей келеді.
 
Егер олар бірігіп, түйе өсіретін шаруашылықтардың бірлестігін немесе ассоциациясын құратын болса, бұл олардың проблемаларына Үкімет назарын аударуға, сондай-ақ өзіндік жақсы тәжірибелерді таратуға, өнімді өткізу мәселесін шешуге жақсы ықпал еткен болар еді. Сондай-ақ Қазақстанда түйе сүті жөнінде ешқандай статистикалық мәлімет жоқ. Елдің Ауыл шаруашылығы министрлігі ФАО-ға есеп жөнелткен кезде осы мәселеге мән берсе жөн болар еді. 
 
– Қазақстандағы түйелердің тұқымы жөнінде не айтқан болар едіңіз? 
– Қазақстанда өсірілетін түйе­лердің басым көпшілігін екі өркешті бактриан тұқымы құрайды. «Қазақ бактрианы» деген тұқым бар. Бұл негізінен ет пен жүн бағытында өсіріледі. Сүті өте майлы болып келеді. Жал­пы, Қазақстанда Кеңес Одағы кезі­нен бастап бактриан тұқымының селекциясы жақсы жолға қойылған. Оған үш бағытта селекция жүргізілген. Соның нәтижесінде етті-жүнді және етті-сүтті бағытта тұқымдық қасиеті жоғары жақсы түйелер алуға қол жеткізілген. Осы жағдайды ескере отырып «қазақ бактрианын» шетелдерге сол елдердің түйелерімен будандастыру арқылы сүттің майлылығын арттыру үшін ұсынуға болар еді. Сондай-ақ Қазақстанда сүт бағытындағы аруана тұқымының түйелері өсіріледі.
 
Мұндай түйелерді негізінен Қазақстанмен қатар Түрікменстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы елдері өсіреді. Мұндағы Қазақстанның бір ерекшелігі жергілікті тұқымды «түрікмен аруанасымен» будандастыру арқылы «қазақ аруанасы» жаңа тұқымның алынуы. Бұл – түйелер арасындағы элиталық тұқым болып есептеледі. Жалпы, Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда түйе тұқымының селекциясына, оны асылдандыруға үлкен мән берілген екен. Соның нәтижесінде сіздердің елдеріңіз­де тұқымдық қасиеті жоғары, өнімдері сапалы жақсы түйелер өсіп шыққан.
 
Ал әлемнің көптеген елдерінде түйе тұқымының селек­циясына әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Осы тұрғыдан алғанда, әлемнің басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда түйе шаруа­шылығы ғылыми негізде жақсы дамыған деп айтуға болады. Ендігі бір үлкен міндет осы үрдісті әлсіретпей сақтап қалу болып табылады. Өйткені жерінің үлкен бөлігін шөл және шөлейтті өңірлер құрайтын Қазақстан үшін түйе өсіру, оның өнімділігін арттыру бірден-бір тиімді бағыт екендігі анық.  Менің Қазақстаннан тағы бір байқағаным, мұнда бір өркешті түйелер мен екі өркешті түйелерге будандастыру жұмыстары жүр­гізіл­ген екен. Мұндай қызықты тәжі­рибені мен басқа елдерден байқамадым. 
 
– Әңгімеңізге рахмет.  
Сұңғат ӘЛІПБАЙ