Спорттық балық аулау орындарын дамыту керек- Б.Бақауов

Спорттық балық аулау орындарын дамыту керек- Б.Бақауов


Павлодар облысында ғалымдар мен аңшылық шаруашылықтарын, су айдынын пайдаланушыларды жұмылдыру арқылы спорттық балық аулау орындарын дамыту ұсынылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz сайты.

Мұндай тапсырманы аймақ басшысы Болат Бақауов облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық жиында жүктеді. «Әрине, мұның барлығы бір күндік жұмыс емес. Су айдыны тарихын көтеріңіздер. Облыста спорттық балық аулау орындары жоқ. Қазіргі күні тәулік бойы Усолка өзенінің жағасында адамдар жұмыс істейді, дегенмен тұрғындар бәрібір де жұқа мұздың үстіне бір уыс балық үшін барады. Сол жерден күні бойы отырса да үш келі де балық шықпайды. Ал мұз кез келген уақытта опырылып кетуі мүмкін», - деді Болат Бақауов.
 
Бұдан басқа, облыс әкімі екі жыл қатарынан көктемгі аңшылық маусымы жабылғанымен, мейрамханаларда сүйрік балығы пайдаланатынын атап өтті. «Бұл мәселе бірнеше жыл қатарынан көтеріліп келеді. Бұл шараның экологиялық тұрғыдан алғанда пайдасы көп. Ертіс өзенінде табиғатты қорғау шаралары жүргізіледі. Алайда мейрамханалардағы сүйрік балығы қайдан пайда болады? Сондықтан жергілікті полиция қызметі жұмыс істеу керек»-деп қосты облыс басшысы.
 
Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыров өңірде қызыл балық бойынша қылмыстық іс тіркелмегенін жеткізді. «Аймақта заңсыз балық аулау бойынша 105 факті анықталды. Нәтижесінде 1 млн 274 теңге айыппұл салынып, оның 1 млн 40 мың теңгесі өндірілген. Қызыл балық бойынша тиісті жұмыстар атқарылады»,-деді Ж.Қайыров.
 
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбілбаевтың айтуынша, өңірде балық шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша 110 су айдыны бекітілген. Оның ішінде 105-і кәсіпшілік, біреуі әуесқойлық (спорттық) балық аулау және төртеуі бағалы балық түрлерін өсіру және саудалау мақсатында қолданылады.