Оңтүстік өңірлерінде шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғау шараларын ұйымдастыру талапқа сай ма?

Оңтүстік өңірлерінде шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғау шараларын ұйымдастыру талапқа сай ма?


Бүгін Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева шегіртке зиянкестеріне қарсы күресті ұйымдастыруға техника мен құрал-жабдықтардың дайындығымен танысты, деп хабарлайды ҚР АШМ Баспасөз қызметі.

2018 жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің және карантинді объектілердің таралуы 5,1 млн. гектар алаңда, оның ішінде үйірлі шегіртке зиянкестері 1,92 млн. гектар, дәнді дақылдардың аурулары 2,4 млн. гектар, саяқ шегірткелер 444,0 мың гектар алаңда таралатын болады.

Аса қауіпті зиянды организмдерге және карантинді организмдерге қарсы қорғау іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 млрд. теңге бөлінді.

Бүгінгі күні шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғау іс-шараларын уақытылы ұйымдастыру үшін үйірлі шегірткелерге қарсы 1,9 млн. гектар алаңда өңдеу жүргізуге пестицидтерді жеткізу жөніндегі, сондай-ақ оларға химиялық өңдеулер жүргізуге келісім-шарттар жасалды.

Республика бойынша барлығы 540 бірлік бүріккіш техникаларын жұмылдыру жоспарлануда (37 ұшақ, 31 аса жеңіл авиация (АЖА), 33 аэрозольді генераторлар, 141 ультра аз көлемдегі бүріккіштер (УАКБ) және 192 иыққа ілетін бүріккіштер).

Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында марокко шегірткесіне қарсы химиялық іс-шаралар жүргізілуде.

Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары өкілдері қатысқан жиында Г.Исаева шегірткемен күрес жобасы бойынша қолдау және тәжірибелік көмек көрсету үшін Марокколық ФАО-ның халықаралық сарапшысын тарту жоспарда екенін атап өтті. 2018 жылдың 25 сәуірінен бастап халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, өңдеуге жататын алаңдардың ұлғаюына әсер ететін факторларды анықтау жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.

Шегірткеге және олардың таралуына мониторингті жүргізуді нақты бақылау үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылатын болады, олар ГАЖ жүйесін пайдалана отырып координаталарды және тиісті салыстырулар жолымен республика аумағының фитосанитарлық жай-күйін, оның ішінде өңірлердегі шегірткелер бойынша нақты көрінісін көрсететін болады.Цифрландыру шеңберінде аса қауіпті зиянды организмдердің, оның ішінде шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасы құрылады және картаға түсіру жұмыстары жүргізілетін болады.