Қой қоздату науқанында қандай шаралар атқарылады?

Қой қоздату науқанында қандай шаралар атқарылады?


Шаруашылықтар осы мерзімге тыңғылықты дайындықпен келсе, әр кезеңді жүйелі түрде, талапқа сай өткізсе нәтижесі қомақты болады.

Қой шаруашылығындағы ең маңыздысы- қой қоздату науқаны. Шаруашылықтар осы мерзімге тыңғылықты дайындықпен келсе, әр кезеңді жүйелі түрде, талапқа сай өткізсе  нәтижесі қомақты болады.

1. Туытқа дайындалу мерзімі

Алдын ала туытқа бір ай қалғанда қойдың  желінін, құйрықтың жанын, санның артқы төңірегіндегі   жүнін   қырқып  тастайды.

2. Туыт (қоздау) 

Қоздау мезгілі жеткен қойлар, алдыңғы аяқтарымен жер тарпып, тыпыршып, артына қарай береді. Бір жатып, бір тұрып, шыдамсызданып,  оңашалау  жер іздейді. Қоздау мезгілі жақындаған қойлардың жыныс мүшесінің сырты қызарып, ісіңкіреп тұрады. Осы кезде тыныштық сақталынуы қажет.

3. Туыт гигиенасы 

Қозы туылар кезде шаранасы сұйықтықпен бірге шығады ол қозы шығатын жолдарды кеңейтеді ал, қозы шаранасына  орала шықса, шарананы дереу жыртып жіберу керек, әйтпесе қозы тыныс ала алмай қалады. Бірақ қозы әбден шығып болмай, шарананы жырту жарамайды. Осы уақыт аралығында тазалықты мұқият сақтаған абзал.

Егер қой бір қозы тапқаннан кейін де тынышсызданып толғата берсе, онда ішінде тағы бір қозысы болуы мүмкін.

4. Жаңа  туған қозы

Енесі жаңа туған қозыны жалау керек. Туғаннан кейін енесінің емшегін тексеру қажет. Емшекті сүртіп, аздап  уызын сауып тастау керек. Қозы 30-40 минуттың ішінде  ауыздануы тиіс.  

5. Жаңа туған қозыны сақтап қалу 

Енесімен қозы шатаспау үшін екеуіне бірдей таңба қойылады.

6. Уызбен ауыздандыру

Жеке орынжайда қой бір-екі күндей болады, енесі қозысын алып тұрса сақмандар тұратын бөлмеге  көшіріледі. Жаңа   қоздаған қозылы қойдың жеке бөлмеде аз немесе  көп болуы, саулықтың қозысына тез бауыр басуына, қозының тез ширауына байланысты. Туған 3-4 бас қойды біріктіріп 3-5 күндей  бір қорада ұстайды, сосын сақмандар ұлғая береді 10 бас сосын 20 бас т.б с 12-15 күннен кейін(50-100-200 бас) болады.

7. Сақмандарды кұру 

Егіз тапқан қойлардың сақмандарының саны екі есе аз болу керек және 100 бастан аспауы керек. Үшеу туған қозының біреуін сүті жақсы жетілген жалқы туған қойға телу керек.

8. Алдын ала малдәрігерлік- іс шаралар 

Туытқа 1,5-2 ай қалғанда саулықтарға жыбырлақ, секіртпе, тышқақ, қатерлі ісік ауруларына қарсы вакцина салынады. Мүмкіндігінше  қылау ауруына қарсы қозыларға вакцина  жедел түрде егілгені дұрыс.

9. Құйрық кесу және еркек қозыларды пішу

Биязы және биязылау жүнді қойлар қозыларының құйрығын туғанына 5-7 күн болғанда нәжіс пен сідіктен таза болуы үшін құйрықтың 3-буыны мен 4-буынның арасынан кеседі. Еркек асылтұқымдыққа жарамсыз қозыларды 2-3 апталық кезінде  піштірген  дұрыс. Шаруашылықтар қозыларды зарарсыздандыру тәсілдерін қолдана отырып піштіру, құйрықтарын кесу жұмыстарын көбінесе бір мезгілде жасаған абзал.

10. Қозыны енесінен ажырату 

Қозы енесінен 3-4 айлығында ажыратылады. Алғашқы кезде дене тұрқы ірі, жақсы жетілген қозылар және 15-20 күннен кейін қалғандары бөлінеді. Қозылар бөлінген уақытта салмақтары өлшенеді және ұрғашы қозы, еркек қозы мен піштірілген   отарды қайта құру жұмыстары бір мезгілде өткізіледі.