Біліктілік орталығының эксперті- халықаралық «Экватор-2017» сыйлығының жеңімпазы

Біліктілік орталығының эксперті- халықаралық «Экватор-2017» сыйлығының жеңімпазы


Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) мен «Экваторлық Бастамалар» серіктестігі ҚР «Атамекен» ҰКП, «Біліктілік орталығының» сарапшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтияр Садықтың басшылығымен жүзеге асырылған Жаhандық Экологиялық Қордың Шағын Гранттар Бағдарламасының серпінді жобасының нәтижелерін  ауыл шаруашылығын орнықты дамытуда жергілікті мәселелерді  шешудің көрнекті мысалы ретінде  жоғары бағалады.

Жобада жоңышқа мен көпжылдық  шөптерді өсірудің әрбір фермерге қолжетімді  «жасыл»  технологиясын қолданып, тозған жерлердің құнарлылығын  тездетіп қалпына келтіру көзделген.

Үшсатылы тәуелсіз сараптамалық бағалаудан өткен соң 120 елден түскен 806 өтініштің ішінен, Б.Садық «Экватор- 2017» халықаралық сыйлығына ие болған 15 жүлдегердің бірі  ретінде таңдап алынды. ТМД елдері ішінде тек Қазақстан ғана бұл жүлденің иегері атанды.

Сыйлықпен марапаттау рәсімі Біріккен Ұлтттар Ұйымының 72- ші Бас Ассамблеясының бір бөлігі ретінде АҚШ, Нью Йорк қаласының Town Hall Theatre ғимаратында өтті. Салтанатты жиынға халықаралық ұйымдар, ұлттық үкіметтер, саясаткерлер, жергілікті қауымдастықтар және баспасөз өкілдері қатысты. Сыйлық пен марапаттау куәліктерін БҰҰ Даму Бағдарламасының Басшысы А. Штейнер табыстады.

БҰҰ- ның  Медиа Аймағындағы баспасөз- конференциясында  Қазақстанның  БҰҰ -дағы Тұрақты Өкілінің орынбасары Р. Бөлтіріков  пен «Экватор-2017»  жүлдесінің иегері Б.Садық журналистердің  сұрақтарына жауап берді.  Б.Садық: «Бұл  2011 жылы    Біріккен Ұлтттар Ұйымының  Бас Ассамблеясында Қазақстан Республикасының Президенті -Ұлт Көшбасшысы  Н.Ә. Назарбаевтың  ұсынған «Жасыл Көпір» бастамасын  іске асырудың нақты мысалы» деп атап көрсетті.

Сонымен қатар еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында жемшөптік дақылдардың егіс көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылғандығы, бағдарламаны іске асыруға жергілікті қауымдастықтарды, шағын және орта шаруашылықтарды кеңінен тарту үшін кооперативтер құрылып, көпжылдық жемшөптік дақылдарды егуге кететін фермерлердің шығындары толығымен  мемлекет қаржысы есебінен қайтарылатындығы  және бұл іс шаралар  шаруаларды мемлекеттік  қолдаудың әлемде теңдесі жоқ бірегей мысалы екендігі айтылды.

Қазақстанның бұл бастамасы көпке үлгі, оның аумақтық немесе ұлттық шекарасы жоқ. Оны жүзеге асыру барлық елдер мен мемлекеттерде жердің құнарлық күшін тез қалпына келтіреді және азық түлік қауіпсіздігін нығайтуды қамтамасыз етеді. Және де барлық ұлттар мен ұлыстар үшін  қосымша жұмыс орындары ашылып, тұрақты табыс табу үшін жағдайлар жасалады. Оны  Жаhандық Экологиялық Қор мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Қазақстанда  жүзеге асырған  табиғи ресурстарды орнықты пайдалану мен биоәртүрлілікті сақтауға  бағытталған халықаралық жобаларының нәтижелері айғақтап отыр.

«Біздер тозған жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар тәжірибе жинақтадық. Осы бастама аясында барлығыңызбен бірлесіп жұмыс істеуге және жәрдем беруге даярмыз,»- деді Бақтияр Садық салтанатты жиында.