Балық арқылы адамға жұғатын аурулар

Балық арқылы адамға жұғатын аурулар


Балық арқылы адамға жұғатын аурулардың бірнеше түрін ғалымдар зерттеу нысанына алғалы бері де қаншама жаңа аурулар пайда болып жатқаны туралы ғылыми айналымда материалдар жеткілікті. Біз солардың бірқатарымен таныстыруды жөн көрдік.

Описторхозбен мысық, ит, түлкі, арыстан, шошқа мен қоян сияқты хайуандармен бірге адам да ауырады. Бұл ауру табиғи су көздерінің біразында бар.

Қазақстан аумағында описторхоз  ауруының барлығын ғалымдар К.И.Скрябин  мен Н.П.Попов басқарған гельминтологиялық  экспедиция 1925 жылы анықтаған болатын. Олар бұл ауруды ит пен мысықтан тапты. Иттің описторхозы Павлодар мен Өскемен қаласынан байқалды. Осыған орай жергілікті халықты описторхозға тексеру жұмыстары мұнан кейінгі 15-30 жылдың ішінде жаппай жүргізілді.

Ертісті мекендейтін балықтардың  ішінен оңғақ, шабақ, аққайран описторхоздан  көп зақымдалды. 1962 жылы Ертістің арнасы жабылып, Бұқтарма су қоймасының салынуына  байланысты өзен бойындағы жайылма  сулар тартылып, олардың орны кеуіп  қалды. Мұның өзі описторхоз ауруының азаюына үлкен себебін тигізеді. Атап айтқанда, жайылма судың тартылуына байланысты описторхоздың негізгі  таратушыларының бірі – моллюскалар  азайды. Соның нәтижесінде балықтың описторхозбен зақымдалуы да едәуір кеміді.

Ертіс өзенінен кейін описторхоз ауруы  бар сулардың бірі – Нұра өзені. Қарағанды су қоймасының балықтары  онымен де көбірек зақымдалған. Бетпақдаладағы Сарысу өзенін мекендейтін шабақтар, тыран сияқты балықтар описторхозбен  зақымдалғанын 1960 жылы Е.Г.Сидоров басқарған  экспедиция анықтады.

Описторхоз құрты адам мен жануарлардың өт жолдары және өт қалтасын, кейде  ұйқы бездерін мекендейді. Ауру моллюска мен тұқы тұқымдас балықтар (оңғақ, шабақ, сазан, тыран, т.б.) арқылы жұғады. Өйткені олардың организмінде паразит  личинкалары тіршілік етуге бейім.

Описторхоз құрты – описторхис – ұзынша келген сорғыш құрт. Ұзындығы 4-13 милиметрге дейін жетеді. Бірақ жануарлар мен адам организмдерін мекендейтін описторхистің үлкендігі әртүрлі болады.

Өршуі. Описторхис құрты өздерінің жұмыртқаларын өт жолына салады. Одан әрі өт арқылы ішекке барады. Онан кейін жануарлардың қиымен бірге далаға шығады. Жұмыртқадан мирацидий деп аталатын личинка пайда болады. Осындай жұмыртқа суға түседі де оны су ұлуы жұтып қояды. Мирацидий личинкасы ұлудың ішінде жұмыртқадан көп кешікпей шығады да алдымен спорциске, кейінірек редийге айналады. Редийден церкарий пайда болады. Екі ай өткен соң церкарий ұлудың шырынына араласып, суға шығады да су түбінде жүзіп жүреді. Ол балықтардың терісі арқылы еті мен дәнекер тканьдеріне еніп, әрі қарай өрши отырып, сыртын қалың қабық қаптап алады. Оны метацеркарий денесіне енген балықты шикі және жартылай шикі (қақтаған, тоңазытылған, шала қуырылған, ысталған, жаңадан тұздалған) күйінде қорек еткен жануарлар описторхоз ауруына шалдығады. Асқазанға барған метацеркарийдің сыртқы қабығы ериді, паразиттің өзі өт жолына барып кіреді. 3-4 жұмадан кейін метацеркарий үлкен құртқа айналып, жаңадан ұрық сала бастайды. Описторхис 4-5 айда өсіп жетіледі. Адамның организмінде описторхис 20 жылға дейін, ал мысықта –3 жылға дейін тіршілік етеді.

Эпизоотологиясы. Описторхоз ауруының өріс алып, кең таралуы метацеркариймен зақымданған балықтың мөлшері мен сол балықтарды пайдалану жолдарына тікелей байланысты. Мысалы, ғалым И.И.Плотниковтың деректері бойынша, бір балықтың өзінен 1500 және одан да көп метацеркарий табылған.

Описторхистың метацеркарийімен балық  кішкене шабақ кезінен бастап зақымданып, үлкейе келе ауру барған сайын  күшейіп, асқына береді.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Описторхоз ауруында өт жолы кеңейеді, оның кенересі қалыңдайды, дәнекер  тканьдері өсіп кетеді, бауырдың түрі өзгереді. Кейбір кездерде оның клеткаларында  қоңыр пигмент пайда болады. Өт қалтасы үлкейеді, ол қатар жатқан органдарды қысады.

Диагнозы. Егер мұндай ауру кездесе қалған күнде, ауру адамның жағдайымен танысады. Ащы ішектен жиналған шырыш пен нәжістен копрологиялық әдісті пайдаланып, описторхис жұмыртқаларын іздейді. Аурудың клиникалық белгілеріне көңіл аударады. Аллергиялық әдісті де пайдаланады.

Емі. Бұл ауруды емдегенде хлоксил дәрісін пайдаланады.

Сақтық шаралары. Описторхозға қарсы күрес алдын ала сақтандыру жұмыстарын жүргізуден басталады. Ол үшін су көздерінің жануарлар нәжістерімен ластануына жол бермеу керек. Әсіресе, дәретханалардың шұңқырларын терең етіп, су жағасынан 200-300м қашықтықта қазады. Ит, мысық және шошқаға ауру балықты шикі күйінде беруге болмайды.

Описторхозбен жиі ауыратын тұқы тұқымдас балықтарды жаңа ауланған, тұзға піскен және тоңазытылған күйінде пайдалануға  болмайды. Сонымен бірге жергілікті халық арасында описторхоз ауруына  қарсы санитарлық-ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізіп, оның зияндығы туралы үнемі дәріс ұйымдастырып тұруы  керек.

Санитарлық баға.  Описторхистің метауеркарийлерімен зақымдалған балықты суға салып, 30 минут қайнатып пісіргеннен кейін ғана пайдаланып, консерві дайындауға жібереді, не болмаса 15 градус суықта 14 тәулік бойына тоңазытады. Өте арық және паразиті көп балықтарды арнайы заводқа жібереді.

Клонорхоз ауруының қоздырғышы – клонорхис паразиті. Сақа паразиттер адам және ет қоректі жануарлардың организмінде тіршілік етуге тырысады. Оның аралық иелері – моллюска мен балықтар.

Ауру адамға және жануарларға зақымдалған (ауырған) әбден пісірілмеген балықтан жұғады. Клонорхис құрты ұзынша келген сарғыш құрт, ұзындығы 10-25мм.

Бұл паразиттің өршуі описторхис құртының өршуімен бірдей.

Аурудың белгілері. Ауру жұға қалған күнде адамның ас қорыту күйі нашарлайды. Адамның төс шеміршегінің астыңғы  жағы және оң жақ қабырғасының төменгі  жағы ауырады, іші қан аралас өтеді, сары ауруға шалдығады, арықтайды, қаны азаяды, мұрнынан қан кетеді, кейде  бауыры қатаяды. Ауру жеңіл болса  оның белгілері көп білінбейді.  Клонорхис құрты өт жолдарын мекендейді. Міне, бұл аурудың адам үшін де қауіпті  екенін естен шығармай, онан сақтану  шараларын үнемі қолданып отыру  қажет.

Диагнозы. Нәжісті тексеріп, клонорхоз  құртының жұмыртқаларын іздеп табады. Зақымданған балықтың өтін микроскоп  арқылы тексеріп, клонорхистың метацеркарийлерін  табу әдісі, ауруға қарсы жүргізілетін алдын-ала сақтандыру шаралары және берілуге тиісті санитарлық баға описторхоз ауруындағымен бірдей. Ауырған ет қоректі хайуандардың әр килограмм  салмағына 0,3грамм есебімен гексахлорпараксилол  дәрісін береді.

Метагонимоз – ауруының қоздырғшы – метагонимус құрты. Ол адам мен ет қоректі жануарлар ішектерінің кілегей қабықтарында мекендейді.

Паразиттің өршуі басқа сорғыш құрттарға ұқсас келеді.

Сырты қалың қабықпен қапталған  метагонимус құрттары балықтың сыртқы қабыршағы астында, жүзгіш қанаттарында және желбезек жапырақшаларында мекендейді. Осындай зақымдалған балықты  шала пісірген күнде ауру адамға жұғады. Сондықтан да бұл жай әркімнің есінде болуы қажет.

Санитарлық баға. Балықтың терісін, жүзгіш қанаттары мен желбезектерін  компрессорлық әдіспен тексергенде  аурудың құрты табылса, ондай  балықтарды суықтығы 8 градус жерде 7 тәулік бойы тоңазытқаннан кейін ғана пайдалануға  болады.

Дифиллоботриоз ауруының қоздырғышы – дифилоботриум латум – деп аталатын таспа құрт. Бұл құрт сақа кезінде адамның және ти пен мысық сияқты ет қоректі жануарлардың ішегінде мекендейді. Құрттың бас жағында сорғыш органы бар.

Өршуі. Жануарлардың ішектерін мекендеген құрттар мыңдаған жұмыртқа салады. Ол жұмыртқалар жануар нәжісімен  араласып сыртқа шығады. Паразиттің онан әрі өршуі үшін бұл жұмыртқалар  суға түсуі шарт. Суда корацидий  дейтін балапан құрт пайда болады. Оның формасы дөңгелек, сыртында түгі болады, осы түктің көмегімен суда жүзіп жүреді. Ондай балапан құрттар  диоптомус деп аталатын су шаяндарының  қорегіне айналады. Сөйтіп шаянның  ішінде 2-3 аптада ұзынша келген процеркоиз құрттары өсіп-жетіледі. Ол шаяндарды  балық жейді де паразит оның ішек, бауырына және етіне кіріп, плероцеркоидтқа  айналады, сөйтіп әрі қарай тіршілігін жалғастыра береді.

Осы зақымдалған балықты тұздаған, шала піскен түрінде пайдаланса адамға ауру жұғады. Олардан 1-2 айда ұзындығы 10мм дейін жететін сақа паразит  құрттары өсіп шығады.

Эпидемиологиясы. Дифиллобориоздың таспа  құрты балықтың өтінен көп кездеседі. Сондықтан балықты сойғанда, оның етін, бауырын және жыныс бездерін өткір пышақпен кесіп, мұқият қарап  шығу керек. Түсі ақ плероцеркоидтар  мен бауырдағы паразиттер жай  көзге де жақсы көрінеді. Сондай-ақ, балықтың осы айтылған органдарында дифиллоботриоздан басқа таспа  құрттардың да ұсақ құртшалары кездеседі. Бұлар өзара ұқсас, сондықтан  оларды тек микроскоп арқылы ажыратады. Лақа мен алабұғаның бауырында жиі  кездесетін триенофорус деп аталатын таспа құрт дифиллоботриумға ұқсайды. Тек триенофорустың адамға зияны  жоқ.

Патогенезі. Таспа құрт бірнеше  жыл бойы ащы ішекті мекендейді. Аурудың көп тараған жерлерінде, адам ішіндегі құрттың саны көп болады. Адамның қаны заяды, арықтайды да ауру ұзаққа созылады.

Диагнозы. Дифиллоботриозды анықтау  үшін ауырған жануарлардың қиларында  құрттың сопақша келген жұмыртқасы бар-жоғын анықтайды. Оның ұзындығы 0,068-0,071мм, ені 0,045мм болады. Бір жағында  ашылатын қалпақшасы бар.

Емі. Бұл ауруға қарсы асқабақтың дәні мен аталық қырыққұлақ шөбін  береді. Ал ет қоекті хайуандардың ауырғанына қарсы ареколин мен филоксан дәрісін  қолданады.

Сақтық шаралары. Ауруды зақымданған  балықпен қатар мысық пен иттер  де көп таратады. Сондықтан да оларға шикі, кепкен балықтарды бермеу керек. Бұл аурудың да адам денсаулығына да нұқсан келтіретіні жөнінде түсінік  жұмыстарын үнемі жүргізу керек.

Санитарлық баға. Балықты 1-1,5 сағат  қайнатқаннан кейін пайдалануға  болады. Әдетте, мұндай құрт қайнатқан  балық етінің қызуы 50-80 градусқа жеткенде өліп қалады. Жақсы тұздалған балық  еті адамға онша қауіпті емес. Ал, нашар тұздалған балық еті  адамға онша қауіпті емес. Ал, нашар  тұздалған, шала піскен балық немесе шикі уылдырық адам үшін өте қауіпті  екенін естен шығаруға болмайды. Сондықтан  дифиллоботриозбен зақымдалған  балықты суға салып, 30 минут бойына қайнатып пайдаланады немесе консерві жасайтын кәсіпорындарға жібереді, не болмаса ыстап кептіреді. Тоңазытқыштарда  мұздатуға да болады, ол үшін зақымданған  балықты салқындығы 8 градус жерде 7 тәулік, ал 12 градус жерде 3 тәулік ұстайды.

Диоктофимоз ауруын – диоктофима ренале деген жұмырт құрт қоздырады. Бұл құрт көбінесе бүйректе болады, кейде бауырдан да кездесіп қалады. Оған адам және ет қоректі жануарлар, ірі қара мен жылқы да шалдығады.

Диоктофима құртының ұзындығы 10 миллиметрден 400 миллиметрге дейін жетеді. Оның түсі қызыл, ауыз қуысында кішкене тіс  сияқты бұдыры бар. Құрттың құйрық жағы жұмыр келеді және жыныс органдары  да осы арада болады.

Өршуі. Паразиттің жұмыртқалары ауру жануарлардың несебімен сыртқа шығады да, суға түскен жағдайда онан әрі өршиді. Суға түскен жұмыртқаларды су құрты  жұтып, оның ішінде балапан құрт өсіп шығады. Осындай құрттармен қоректенген  балық ауыра бастайды. Егер аңдаусызда ондай балықты тағамға пайдаланған  жағдайда паразиттің балапан құрттары ас қорыту жолымен қанға түседі де бүйрекке барып орналасады, бауырға  да кіреді. Бүйрекке орналасқан паразит  бірте-бірте семеді. Ақырында паразит  бүйректі тесіп шығып, құрсақ қуысына  түседі және кейде құрсақ қуысынан бүйрекке қайта кіреді.

Диагнозы. Жан-жануар несебімен паразит  жұмыртқаларын анықтап алған  соң онан нақты қорытынды жасайды.

Емі – хирургиялық операция жасау.

Санитарлық баға. Ауру балықты шикілей  пайдалануға болмайды, суға салып  бір сағат қайнату керек.

Гнасостоматоз. Гнасостоматидпен зақымданған балықты шикілей немесе шала піскен күйінде жеген адам ауруға шалдығады. Бұл ауру шошқаға да жұғуы мүмкін. Паразит адамның терісінің астында және көздің сыртқы мөлдір қабығында тіршілік етеді. Ауру қоздырғышы – ұзындығы 15 миллиметрден 160 миллиметрге дейін жететін жұмыр құрт.

Балықтардың  жұқпалы емес аурулары не білеміз?

Бахтақ  бауырының цирроидтық денерациясы. Бұл ауру еліміздің түрлі аудандарындағы бахтақ шаруашылықтарында кездеседі. Сапасыз азықты пайдалану нәтижесінде балық организмінде зат алмасу бұзылып, оның бауырын май басады.

Максиллоподалар -жақ аяқтылар (лат. Maxillopoda) – шаянтәрізділердің бір класс тармағы. Теңіздерде, тұщы суларда кең таралған. Максиллоподалар жеке немесе субстратқа жабысып, паразиттік тіршілік етеді. Жақсы жетілген ауыз аяқтарын қорегін судан сүзу үшін пайдаланады. Көкірек бөлімі көбіне 6 (кейде 5 не 4) сегментті. Көкірек аяқтары қозғалыс қызметін атқарады. Құрсақ аяқтары жоқ.

Максиллоподалардың ескекаяқты шаянтәрізділер, мистакокаридалар (Mystacocarіda), тұқыжегіштер (Branchіura), мұртаяқтылар (Currіpedіa), қапкеуделі шаяндар (Ascothoracіda) деп аталатын 5 отряды бар. Ең жиі кездесетіндері: тұқыжегіштер — балықтардың терісінде тіршілік ететін эктопаразиттер. Олардың 130-дей түрі белгілі. Негізгі өкілі — тұқы биті (Argulus folіaceus). Паразитті тіршілік етуіне байланысты антеннулалары мен антенналары ұсақ ілмек тәрізді өсінділерге айналған. Түрленіп дамиды. Көбейіп кетсе, балық шаруашылығына зиян келтіреді; мұртаяқтылар теңіздерде тіршілік етуіне байланысты антенналары мен күрделі көздері дамымай, кеуде аяқтарының 6 жұбы қоректі аузына қарай әкелетін екі бұтақты ұзын “мұртшаларға” айналған (отрядтың аты осыған байланысты қойылған). Ересек түрлерінің денесі бақалшақпен қапталған. 1000-нан аса түрі бар. Негізгі туыстары — теңіз үйрекшесі мен теңіз жаңғағы. Соңғысының Каспий теңізінде кездесетін 2 түрі анықталған. Мұртаяқтылардың 1 түрі — саккулинаның (крабтың паразиті) денесі қап тәрізді, сабақшасының ұшынан тамыр сияқты бұтақтанып кететін жіңішке тармақтар тарайды. Олар крабтың денесіне еніп, сөлін сорады. Жыныс жүйесі гермафродитті. Саккулинаның жұмыртқаларынан науплиус шығып, циприс тәрізді дернәсілге айналады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, VI том

2. Уикипедия — ашық энциклопедиясы. https://kk.wikipedia.org