Ауылшаруашылық айналымына 24,9 гектар жер қайтарылады

Ауылшаруашылық айналымына 24,9 гектар жер қайтарылады


Жамбыл облысының әкімдігінде ауыл шаруашылығына қажетті жерлерді тиімді пайдалану мәселесі талқыланды.

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Облыста жерді мақсатты пайдалану саласында шешімін күтіп отырған мәселелер жеткілікті. Мәселен, Жамбыл ауданында жекеменшікке жер бөліп жатқанда жергілікті билік өкілдері тарапынан кемшіліктерге жол берілген, Байзақ ауданында жерді өз бетінше иемденіп алу фактісі анықталған, ал Меркі ауданында жер санаттары негізсіз өзгертілген. 
 
Былтырғы жылы жүргізілген тексерістер барысында 100-ге жуық жер заңдылығын бұзу фактілері тіркеліп, 23 тұлғаға жалпы сомасы 3,5 млн теңге айыппұл салынған, 69 шаруа қожалығы пайдаланылмай жатқан жерлерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге міндеттелген болатын. 
 
Алдағы үш жылда өңірде пайдаланылмай жатқан 24,9 мың гектар ауылшаруашылық айналымына қайтарылады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір ауылдарда семинарлар, жер заңдылығы бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізу жоспарланып отыр.
 
Бұған дейін облыста соңғы 5 жылда пайдаланылмай жатқан 553 мың гектар ауыл шаруашылығы  жерлері анықталып, мемлекетке қайтарылған.