Арман Евниев: 6,9 млн бас малға аусылға қарсы вакцина егілді

Арман Евниев: 6,9 млн бас малға аусылға қарсы вакцина егілді


«2018 жылғы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың жоспары қазанда бекітілді. Бұл  толықтай ветеринариялық препараттарды аудандарға дейін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді уақытылы жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Аса қауіпті аурулар бойынша вакцинациялау көлеміне күнделікті мониторинг жүргізе отырып, комитет мамандарының өңірлерге барып, манипуляция жүргізуге бақылау ұйымдастырылды. Жалпы алғанда вакцинация жоспардағыдай өтуде», -  деп мәлімдеді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Үкімет отырысында.
 
Қазірге дейін 6,9 млн бас малға немесе малдың 90 пайызына аусылға қарсы вакцина егілген. Сібір жарасына қарсы екпе жалпы мал басының 82 пайызына, нодулярлы дерматитке қарсы 85 пайызына жасалған. «Облыстық, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері қолданыстағы 3 609 мал қорымдары бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Жалпы аса қауіпті зиянды организмдер бойынша ахуал және ветеринариялық-санитариялық объектілердің жай-күйі тұрақты бақылауда», - деді ол. 
 
Арман Евниевтің айтуынша, 2018 жылдың 19-22 ақпаны аралығындағы кезеңде Халықаралық эпизоотиялық бюроның халықаралық сарапшылары ірі қара малдың нодулярлы дерматиті бойынша миссия өткізді. «Халықаралық сарапшылардың алдын ала қорытындысы бойынша инфекцияны оқшаулау бойынша ветеринариялық қызметтің жұмысы оң бағаланды. Бұл жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің экспортын арттыруға ықпал етеді», -  деді вице-министр.