Агроғылымның болашағы бар ма?

Агроғылымның болашағы бар ма?


Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі ғылыми-зерттеу институттары мен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде болды.

Қазіргі уақытта аграрлық ғылымға ерекше назар аударылуда. Елбасы өз Жолдауында «аграрлық ғылым ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен айналысуы және оларды отандық жағдайларға бейімдеу мәселелерін шешуге тиіс» деп атап өтті.

«Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» базасында ылғал-ресурс үнемдеуші технологияларды дамыту, бәсекеге қабілетті сорт пен тұқымды іріктеу, жемшөп өндірісі, тауарлы балық өсіру және шикізатты қайта өңдеу бойынша жаңа ғылыми жобалар мен заманауи технологиялар ұсынылды.

Іс-шара барысында Ө.Шөкеев Алматы облысының жетекші ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен аграрлық ғылымды реформалау, цифрлық технологияларды енгізу және фермерлік шаруашылықтардағы нақты егіншілік жүйесін енгізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚР АШМ Баспасөз қызметі.

Қазақстандағы аграрлық ғылымның дамуы, басқа алдыңғы қатарлы елдердегідей «ғылым – білім – өндіріс» арқылы интеграция және тығыз өзара әрекеттесу жүйесі енгізілуде. «Бұл міндеттерді шешу аграрлық салада құрылған ғылыми әлеуетті кеңінен тарту, өндірістегі ғылымның соңғы жетістіктерін енгізу негізінде жүзеге асырылуы тиіс», – деді министр.

Мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттарының бірі – мол егін алу үшін қазақстандық фермерлерді қолдау мақсатында қазіргі заманға сай және қолжетімді ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету болып табылады. Аталған мәселе ауыл шаруашылығы механизациялау және электрификациялау Институтында талқыланды.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тапсырысы бойынша аталған ҒЗИ қазіргі таңда жылына 70-ке жуық аспалы және тіркемелі топырақ өңдейтін техникаларды шығаруда.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жоспарланып отыр. Жоба бойынша, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің (7-10%) бөлігі бюджеттен субсидияланады. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялардың бағдарламасы шығындардың 25 пайызын өтеу түрінде жалғасады.

Әрі қарай министр Қазақ ұлттық аграрлық университетіне барып, Қазақ-жапон инновациялық орталығының, Агротехнологиялық ХАБ пен инновациялық су орталығының жұмысымен танысты. ҚазҰАУ базасында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғылыми-зерттеу университетін құру (Агротехнологиялық хаб түрінде) Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.

Елбасының бес бастамасын жүзеге асыру аясында аграрлық мамандықтарға гранттар беру, студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударылды.