Қазақстанның етті ірі қара мал шаруашылығы саласының өзекті мәселелері

Қазақстанның етті ірі қара мал шаруашылығы саласының өзекті мәселелері


Қазіргі таңда ет өндіру, әсіресе сиыр етін өндіру Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешеніндегі келешегі мол салаларының бірі саналады.

Оған ең алдымен Қытайдың күн сайын өсіп отырған нарығы мен олардың азықтану құрылымдарының өзгеруіне байланысты, құрамында ағуызы мол өнімдерге деген сұраныстарының артуы себепші болып отыр. Бұл ретте Қазақстанның ұсына алатын сапалы да, экологиялық таза өніміне деген сұраныс аса зор.

Бұл істің болашағының зор екенін біздің басты бәсекелестеріміз – Ресей Федерациясы да жақсы түсініп, етті ірі қара мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын белсенді түрде іске қосып отыр. «..... Қытай, Оңтүстік Корея, Жапон елдері 10-15 жылдан соң міндетті түрде Ресеймен жұмыс істеп, азық-түлікті, соның ішінде сиыр етін бізден сатып алатын болады, себебі бұл елдердің халқының саны күнбе-күн өсуде, ал сол халықты толығымен азық-түлікпен қамтамасыз етуге бұл елдердің өз қорлары жоқ. Ал біз болсақ, барлық азық-түлікті өзіміз өндіріп, технологияны дамытып, сапасы жоғары азық-түлік шығара аламыз, бірақ бізге басқа елдердің нарығына шығу қажет. ДСҰ (дүниежүзілік сауда ұйымы) бізге көмек көрсетіп жатқан жоқ, бірақ бірте-бірте мемлекеттің, мемлекет басшысының, үкімет басшыларының және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен бұл елдердің нарығының есігі бізге де ашылады  деген үміттеміз», - деді «Мироторг» компаниясының президенті Виктор Линник «Финмаркет» ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында.

Айта кетейік «Мироторг» Компаниясы Ресейдің көп бейінді агрохолдингі. Сиыр етін өндіруге жұмсаған инвестициясы 60 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Өндірісінің  ағымдағы көлемі 40,5 мың тонна сойыс салмағын құрайды. Компания әлем бойынша «Блэк Ангус» ірі қара мал тұқымының мамандандырылған мал басын меншіктенушілердің ең ірілерінің бірі.  Малдары Брянск, Калининград, Смоленск, Тула облыстарының 63 фермалары мен Брянск және Орлов облыстарының 2 фидлоттарында өсіріледі.

Қазақстанда, ет және ет өнімдерінің әлемдік нарығында, басқа сиыр етін өндіретін елдерге қауіп төндіре алатын ойыншы бола алады, себебі Қазақстанда бәсекелік артықшылықтардың барлығы бар.

Бірінші артықшылығы – өзіндік құны төмен мал азығын дайындай алу мүмкіндігі, сәйкесінше өзіндік құны төмен сиыр еті алынады, себебі мал шаруашылығы өнімдерінің өндірістік шығынының 65-70 пайызын мал азығы құрайды.

Қазақстан жайылымдық жерлерінің көлемі бойынша дүние жүзінде бесінші орынға ие. Ет бағытындағы малдардың аналық мал басын күтіп-бағудың өзіндік құнын төмендетуде, жайылымдық жерлердің болуының маңызы өте зор. Республиканың табиғи жемшөптік жерлерінің көлемі 189,3 млн. га немесе барлық аумағының 69,5 пайызын құраса, шабындық жерлері – 5,0 млн. га. Жер аумағының құрылымында жазғы жайылымдар -51,6 млн. , көктемгі-жазғы жайылымдар – 77,1 млн. , қысқы жайылымдар – 30,0 млн. га. , жыл бойы қолданылатын жайылымдар – 26,3 млн. гектар.

Сондай-ақ дәнді дақылдарды кеңейтілген түрде өндіру, малдарды қарқынды бордақылау кезінде, өндіріліп отырған сиыр етін жоғары конверсиямен қамтамасыз етеді. 

Екінші артықшылығы – Қазақстанның табиғи-климаттық шарттары. Қазақстанның құрғақ климаты ет бағытындағы ірі қара малды, Қазақстанның қай амағында өсірсе де қолайлы.

Үшінші артықшылығы – еліміздің географиялық орналасқан жері. Етті өткізетін негізгі нарықтың жақын орналасуы.

Төртінші артықшылығы – қазақ халқында етті ірі қара шаруашылығымен айналысуға тарихи тәжірибесінің жеткіліктілігі.

Бесінші артықшылығы – Қазақстан инвесторларының атап өтетін артықшылығы, ол қазақстандық қоғамның төзімділігі мен ашықтығы.

Сонымен қоса етті ірі қара мал шаруашылығымен айналысудың ең негізгі шарттарының бірі ол – малдардың генетикалық мүмкіндіктерінің жоғарылығы. Басқаша айтқанда, сиыр етін өндірудің жалпы көлемі, сойылған сиырлардың санының орташа сойыс салмағына тең болғандықтан, малдардың өнімділіктерін арттыру және мал басын көбейту, саланы дамытудың ең басты факторы.

Міне осы тұста етті ірі қара мал шаруашылығының табысты жұмыс атқаруына кедергі туғызатын қиындықтар мен әртүрлі мәселелер туындайды.

Қазақстан Республикасы бойынша 2016 жылы ұшаның орташа сойыс салмағы 174 келіні құраса, мал шаруашылығы жақсы дамыған елдерде бұл көрсеткіш 250 келі салмақты құрайды.

Жоғарыда айтылып кеткен ет бағытындағы ірі қара малдың өнімділіктерінің төмен болуынан басқа да, саланың жүйелі түрде қайталанып тұратын және тез арада шешім қабылдауды талап ететін күрделі мәселелерін атап өтіп кетсек. Олар:

  • Азық қорының жеткіліксіз болуы;
  • Азықтық және жемшөптік егістік жерлердің жетіспеушілігі;
  • Жайылымдық жерлерді  тиімсіз пайдалану;
  • Ауыл шаруашылығы малдары малдәрігерлік, ауруларға қарсы алдын ала қолданылатын іс-шаралармен толығымен қамтамасыз етілмегендігі;
  • Малдәрігерлік заңнамаларымыздың халықаралық талаптарға сай жетілдірілмегендігі;
  • Өңірлердің ауыл шаруашылығы малдарын бірегейлендіруге қажетті құрал-саймандар және басқа да қажетті заттармен уақытылы қамтамасыз етілмеуі;
  • Көптеген АШТӨ мемлекеттік субсидияларға қолжетімділік деңгейінің төмен болуы;
  • Субсидиялаудың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің нәтижесі және аймақтарды мамандандырумен жалғасының болмауы.

Жоғарыда айтылып өткен мәселелердің шешімі АӨК 2017-2021 жылдар аралығында дамыту атты Мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған.

Сонымен етті ірі қара мал шаруашылығын тиімді дамыту, сапалы және қымбат асыл тұқымды мал өніміне деген сұранысты арттыру мақсатында, республикалық палаталар мен мемлекеттің тарапынан асыл тұқымды мал өнімдерінің сапасы қатаң бақылауға алынып, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың сапасын бағалау механизмі жетілдіріле түседі.

Материалдық-техникалық базалары бар, селекциялау және асылдандыру жұмыстарын уақытылы атқаратын репродуктор шаруашылықтарға асыл тұқымды малдарды сатып алуға жағдай жасалады.

Малдардың тұқымдылығын жақсарту және бордақылаудың тиімділігін арттыру үшін фермерлік шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарда тұқымдық-бұқалардың мүмкіндіктері толығымен қолданылатын болады.

Малдарды жеке инвестицияларға сатып алуға жұмсалған шығындарды төмендету мақсатында, малдарды сату инфрақұрылымы құрылатын болады.

Ауыл шаруашылығы малдарының өнімділіктерін арттыру мақсатында, шаруашылықтың табиғи-климаттық шарттары ескеріліп, құнарлы азық қорын құру іс-шаралар атқарылатын болады.

Ол үшін ауыл шаруашылығы малдарын азықтандырудың базалық азық мәзірлері сол жердің табиғи-климаттық ерекшеліктері ескеріле отырылып қайта қарастырылып, азықтық балансы құрастырылады, сондай-ақ агротехникасы тиімді, қажетті азықтық және жайылымдық дақылдарды егудің қолайлы құрылымы анықталатын болады. 

Онымен қоса мал азықтарын дайындау және сақтау әдістерінің тиімділіктерін арттыру бойынша іс-шаралар қарастырылып, іске қосылады.

Табиғи жайылымдарды түбегейлі ынталандыру жолы арқылы, тыңайған жерлер мен жарамсыз қалған жерлерді айналымға алу, жайылымдарды қоршау, суландыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады.

Жоғарыда айтылған міндеттердің барлығы өз шешімін тапқан жағдайда ғана етті ірі қара мал шаруашылығы саласы агробизнестің тартымды да пайдалы бағыты бола алады.

Біздің анықтама: Ет өндіру құрылымында 2016 жылдың қорытындысы бойынша , сиыр еті 1-ші орынды иеленді немесе 45 пайызды құрады, ал бір адамға тиесілі сиыр етінің үлесі 24,8 келіні құрады.

ҚР ҰЭМ статистика  Комитетінің деректері бойынша, 2012 жылдан бастап ІҚМ басының санының жыл сайын біртіндеп өсіп келе жатқаны байқалады . 2012 жыл мен 2017 жылдың 4 айы аралығында ІҚМ басының орташа өсу қарқыны 5 пайызды құрады. ІҚМ басының саны 1990 жылмен салыстырғанда 21 пайызға азайған.

ІҚМ ҚР-да өсірудің  ерекше бір сипаты, ол ІҚМ басының басым көп бөлігі халықтың жеке қора-жайларында өсіріледі (2017 жылдың мамыр айының басында ІҚМ басы санының  60 пайызы өзіндік қосалқы шаруашылықтарда өсірілетіндігіне көз жеткіздік). Бұл шаруашылықтар малдарды қарапайым, арзанқол тенологиямен өсіріп, бордақылайды.

2017 жылдың тамыз айындағы ахуалы бойынша, ІҚМ басының басым бөлігі Алматы, Шығыс-Қазақстан, Оңтүстік-Қазақстан, Батыс-Қазақстан және Қарағанды облыстарында шоғырланған.

ҚР ҰЭМ статистика Комитетінің ресми деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда ет алу мақсатында ірі қара малдың басқа тұқымдарын өсірумен айналысатын 1277 кәсіпорын тіркелген, оның 1268 кіші (жұмыскерлерінің саны 100 адамға дейін жетеді), 9 орташа (жұмыскерлерінің саны 101 адамнан 250 адамға дейін жетеді) кәсіпорындар.

ҚР ҰЭМ статистика Комитетінің ресми деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда 233 ет өндіру және консервілеу кәсіпорыны тіркеуден өткен, оның 229 кіші (жұмыскерлерінің саны 100 адамға дейін) және 4 орташа (жұмыскерлерінің саны 101 адамнан 250 адамға дейін жетеді) кәсіпорын.

 

Айгүл АХМЕТЖАНОВА,

Етті ірі қара мал шаруашылығы бағыты бойынша эксперт