Абердин-Ангус ірі қара мал тұқымын өсірудің ерекшеліктері қандай?

Абердин-Ангус ірі қара мал тұқымын өсірудің ерекшеліктері қандай?


Дүние жүзінде ең кең қолданылатын ет бағытындағы - Абердин-Ангус ірі қара малы және оларды Қазақстанда өсіру мүмкіндіктері жайлы деректермен таныса отырып, бұл саланың маңызды екеніне көз жеткізуге болады.

Алдымен тұқымның шығу тарихына шолу жасайық. Абердин-Ангус тұқымы Шотландияның фермаларында өсірілген британдық мүйізсіз, жұмыс малынан тараған. 1775 жылдан бастап осы тұқым сиырларының өнімділіктерін арттыру мақсатында белсенді түрде жетілдіре бастады.  Жетілдіру жұмыстары жүз жылға дейін созылды, бірақ нәтижесі қомақты еді. Осының нәтижесінде тез өсіп жетілетін, экстерьері сымбатты, етінің дәмі тіл үйіретін жаңа мал тұқымы шықты.

Бүгінгі таңда Абердин-Ангус тұқымы бүкіл дүние жүзіне кеңінен  танылып, дүниежүзілік көрмелерде бірінші орындар алып жүр. Әсіресе, бұл тұқым малдары Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада мен АҚШ елдерінде кең таралған. Қазақстанға бұл тұқым малдарын 2011 жылдан бастап көптеп әкеліп, оларды отандық асыл тұқымық репродукторлар табысты өсіруде.

Ангус тұқымы – тез өсіп жетілетін, мүйізсіз мал. Көзбен қарағанда өзімен тұқымдас малдардан көп ерекшеленеді. Абердин-Ангус ірі қара малы етті келеді. Денесі дөңгелек, аяғы қысқа, көзі одырайып тұрады. Сан еттері өте жақсы жетілген. Мойыны қысқа, денесімен тұтасып біткен. Басқа етті ірі қара малдармен салыстырғанда, тірідей салмағы төмендеу болып келеді, бірақ тез өсіп жетіледі. Майы тері астына бітеді. Көбіне бұл тұқым малдарының түсі қара. Бірақ кейде қоңыр түсті бұзаулар да туылады. Сақа малының биіктігі 110-120 сантиметрге жетеді. Сиырларының орташа тірідей салмағы 550-600 келіні құраса, сақа бұқаларының тірідей салмағы 800-850 келіні құрайды.

Бұл тұқымның тайыншаларының жыныстық жетілу кезеңі ерте басталады. Олардың көбі 18 айлық жастарында жыныстық қатынасқа толығымен дайын болады.  Жаңа туылған бұзаулардың орташа тірідей салмағы 28 келіні құрайды. Бұзауларының туғандағы салмағының жоғары болмауы салдарынан, бұл тұқымның аналықтары жеңіл төлдейді.

Бұзаулары жылдам өсіп-жетіліп, тез салмақ қосады (тәулігіне 800 граммға дейін). Сондықтан бұзауларының көбі алты айлық жастарында 180 келі тартады.

Басқа етті ірі қара малдармен салыстырғанда Абердин-Ангус тұқымының аналықтарының сүті аз болады, бірақ бұзауларына толық жетеді.

Абердин-Ангус тұқымы малдарының негізгі артықшылығы-  олардың өмір сүретін орталарына тез бейімделіп кетуі. Сондықтан, бұл мал тұқымдарын әлемнің барлық аймақтарында өсіреді. Оңтүстік өңірлердің аптап ыстықтарына да, солтүстік өңірлердің қатты суығына да төзімді келеді. Тері асты майлары малдарды қатты аяздардан сенімді қорғайды.

Бұл тұқым малдарының жұқпалы ауруларға иммунитеті қалыптасқан.

Тұқымның етінің сапасы, түсі, тез өсіп жетілгіштігі сияқты қасиеттері ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалап беріледі. Себебі бұл қасиеттердің барлығы гендік деңгейде бекітілген. Бұлшықеттерінің тез жетілуі, асқорыту жолы құрылысының ерекшеліктерімен түсіндіріледі.

Абердин-Ангус сиыр еті тіл үйірер дәмімен әлемдік нарықта өте жоғары бағаланады. Еті өте шырынды, нәзік және түсінің тартымдылығына байланысты оны көбіне мәрмәр ет деп атайды. Сүйектері жеңіл және айтарлықтай жұқа болып келуіне байланысты, ұшаның жалпы салмағының 17% құрайды.  Мұндай еттен майы мен еті біркелкі бөлінген, өте сапалы стейк дайындалады.

Абердин-Ангус тұқымының жоғарыда айтылған артықшылықтарымен қоса, өз ісін енді бастағалы отырған әрбір фермер  білуі тиісті кемшіліктері де бар.

Бұл тұқым сиырларының аяқтарының бұлшық еттері жақсы дамыған дедік. Бірақ малдардың жалпы тірідей салмағымен салыстырғанда аяқтары әлсіз болып келеді. Сол себепті малдарды азықтандыруға көп көңіл бөлу қажет. Шектен тыс көп жем-шөп жеп, семіріп кеткен сиырлар құлап, аяқтарын сындырып жатады. Әсіресе семіріп кеткен буаз сиырлар өз салмақтарын  өздері көтере алмай қалады. Кейін мұндай сиырлардың бұзаулаулары да қиындық туғызуы мүмкін.

Абердин-Ангус тұқымы сиырларын өсіруде туындайтын негізгі қиындықтардың бірі- олардың жайылымдық жері көлемінің ауқымдылығы.

Абердин-Ангус тұқымы малдарын немен азықтандыру қажет? Бұл тұқым малдарын азықтандыруға жайылымдардың табиғи азық қоры жеткілікті. Сондай-ақ, бұл тұқым малдарын жыл бойы жайылымдарда, бос жіберіп бағуға болады. Сиырларға қосымша азықты қалың қар түсіп, сиырлар өз беттерімен қардың астынан шөпті алып жей алмай қалған жағдайда ғана береді. Жайылымның жан-жағында орман немесе тал-шілік, маңайында суат болған жөн. Мұндай жайылымдарда малдар адамдардың қадағалауынсыз, қосымша күтімді талап етпей, өз бетінше жайылып жүре береді.

Бұзауларына келетін болсақ, оларды бордақылау бірінші күннен-ақ басталады. Бұзауларды емізіп өсіру бұл шаруаны жеңілдетеді. Жаңа туған бұзауларларға ана уызын тойғанынша берген жөн. Себебі уыздың бұзау үшін маңызы өте зор. Ағзасына қажетті барлық заттарды бойына анасының уызы арқылы алады. Сол себепті уызды тойып емген Абердин-Ангус тұқымының бұзауы ауырмайды. Кейін оларға премикстер, ұнтақтақталған бидай дәнін, құрама жем беруге болады.

Бордақылауды ұйымдастыру сұрағына келетін болсақ, көптеген европалық мал өсірушілердің ойынша, сапалы мәрмәр етті тек қана бұқалардан алуға болады. Шотландияның фермерлері ең дәмді етті піштірілген өгізшелерден алуға болады деп санайды. Олардың пайымдауынша, піштірілген өгізшелердің бұлшық ет талшықтары басқа малдардың бұлшық ет талшықтарына қарағанда әлдеқайда жіңішке және нәзік.

Бордақылаудағы малдан сапалы ет алудың негізгі шарты – бордақылаудағы малды сапалы, толық құнды азық мәзірімен және сапалы сумен (солтүстік өңірлерде суды жылытып беру қажет) қамтамасыз ету. Мұны осы тұқымның малдарын бордақылаумен айналысып отырған, қазақстандық бордақылау кешендерінің тәжірибелері де растайды.

Абердин-Ангус тұқымынан алынған сиыр еті нағыз элиталық, жоғары сапалы ет саналады. Себебі етінің дәмі тіл үйіреді, өте шырынды және жұмсақ, майы етке біркелкі болып бітеді. Еттің дәмін одан да жақсарта түсу үшін, етті белгілі бір уақытқа дейін ұстап, жетілдіру ұсынылады.  Ол үшін етті өтпе желі жоқ, арнайы ғимаратқа сақтауға жібереді. Ол жерде ет қатыңқырайтындай,  бір қалыпты температура үнемі сақталады.  Нәтижесінде сиыр еті одан сайын құнарлы, шырынды және жұмсақ бола түседі. Себебі энзимдердің әсерінен дәнекер тін ыдырай бастайды, соның салдарынан сиыр етінің сапасы мен дәмі одан сайын жақсарады.

Қазіргі таңда Қазақстанда осы тұқымның малдарын өсіруге, бордақылауға мамандандырылған репродуктор, шаруашылықтар мен борақылау алаңдарының саны айтарлықтай көп емес. Дегенмен қазіргі беталыс, келешекте қазақстандықтардың көп бөлігі  дәмді, сапалы сиыр етіне қол жеткізе алада деген үміт туғызады.

Айгүл АХМЕТЖАНОВА,

Етті ірі қара мал шаруашылығы бағыты бойынша эксперт